Ел рәміздері- ел рухы

25 ноября 2016 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Мемлекеттік рәміздер - халқымыздың рухын, ұлттық салт - санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман - тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Желбіреген аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей елімізді аспан әлемінде қалықтатып тұр» деп атап көрсетті.

Қай ел, қай мемлекетті алсақ та оның өз рәміздері болады. Оларға – Ту, Елтаңба, Гимн жатады. Бұлар- әрбір тәуелсіз мемлекет үшін ең маңызды қажеттіліктер. Рәміздеріне қарап олардың тарихын, мәдениетін, дінін, тілін, дәстүрін, барлық құндылықтарын білуге болады. Сондықтан  Қазақстан мемлекеті  тәуелсіздігін алғаннан кейінгі ең маңызды міндет еліміздің рәміздерін тағайындау еді. Бұл- Қазақстанның қаншама ғасырлар бойы аңсап күткен тәуелсіздігін алғандығын паш ететін киелі қазына.

Кез келген мемлекеттік рәміздердің ең маңыздысы – Гимн. Гимн-мемлекеттің салтанатты әні. Ол халықты әйгілі етеді. Оның сөздерінде халықтың мыңдаған жылғы тарихы, бүгінгі өмірі мен келешек арманы айтылған. Гимнді  түрегеліп, жүректің тұсына қолдарын қойып айтады. Бұл өз мемлекетіңе деген құрметті көрсетеді. Халық өмір салтын бүгінгі тіршілігі мен келешек армандарын, мың жылғы тарихын осы әнге сыйғызған.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңына сай, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар Жұмекен Нәжмеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Алғашқы рет Қазақстан Республикасының Гимні ретінде «Менің Қазақстаным» әні 10 қаңтарда 2006 жылы, Елбасын ұлықтау рәсімінде орындалған болатын.

Гимннің сөзі- республикамыздың барлық халықтарының жүрегіне жақын, жұрттың бәрінің көңілінен шыққан, терең отаншылдық сезімдегі ән.

Туымыз әлемдік деңгейде желбіреп, Гимніміз әлемдік деңгейде шырқалып жатқанда кеудеңді мақтаныш сезімі билеп, ерекше сезімге бөленесің. Жүрегі қазақ деп соққан әр азамат ерекше толқиды. 

Қазақстан Республикасының Ата Заңының 34-бабына сай, әркім Республиканың Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті.

Сондықтан Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін дайындауды және пайдалануды реттейтін заң талаптарын бұзушылыққа жол берген жағдайда Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде (418-бабы.Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасына, сондай-ақ олар бейнеленген материалдық объектілерге қойылатын ұлттық стандарттарды бұзу.

 458-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын пайдалану, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін пайдалану және орындау тәртiбiн бұзу) жауапкершілік белгіленген.

Өкінішке орай, осы салада арнайы жүргізіліп отырған тексерулер мемлекеттік рәміздерді пайдалану және орналастыру тәртіптерінің бұзылуы әлі де болса орын алып отырғанын көрсетті.

 Жекеменшік кәсіпорындарды былай қойғанда, мектептер мен балабақшаларда ілінген туларымыз тиісті талапқа сай келмейді. Ескіріп, түсі өңіп кеткен мемлекеттік туды уақтылы ауыстырмау жағдайлары орын алуда.

Сонымен қатар, негізгі анықталып отырған бұзушылықтар– мемлекеттік елтаңбада, мемлекеттік тудың ұштығында жарықтардың болмауы, тауар құлақшасының болмауы немесе толық еместігі. Тудың тұтастығының бұзылуы, Тудың ластануы, Ту матасының ұлттық стандартқа сай келмеуі.

Үстіміздегі жылы Ақтөбе облысы бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану тәртіптерін бұзған 13 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бұл мәселе прокуратура мен техникалық реттеу және метрология комитетінің мамандарымен жіті бақылауға алынған.

 

Ақтөбе облысы прокурорының

көмекшісі З.Жанғалиев

 

 

 

Комментарии

Добавить комментарий