ТӘУЕЛСІЗДІК – ТҰҒЫРЫМ

25 қараша 2016 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

 

 2016 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне  25 жыл толады. Бұл мемлекетіміз бен халқымыз үшін құнды мереке болары сөзсіз.

Қазақ халқы тарих пен тағдырдың бұралаңы көп жолдары мен ғасырларға созылған ұзақ уақыттық қиыншылықтарын басынан өткерді. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ұрпағым, елім, жерім деп армандап өткен, мың өліп, мың тірілген, армандап өткен еңбегінің жемісі.

Адамзат қоғамының тарихы үшін жиырма бес жыл ұзақ мерзім емес. Ал Қазақстан үшін бұл жылдар аса маңызды тарихи оқиғаларға толы жылдар болды.

Ширек ғасыр ішінде еліміз бірнеше қаржы дағдарыстарына төтеп берді, экономиканы дамыта отырып, бәсекеге қабілетті әлемдік 50 елдің қатарына енді.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығын Елбасы «Бұл – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қортындылайтын мерейлі сәт. Мемлекетіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін әлі талай күрделі де бұралаңы көп жолдардан өтуге тура келеді», – деп атап көрсетті.

Тәуелсіздік жылдары саяси бостандығымызды жариялап, Ата Заңымызды қабылдадық, мемлекетіміздің рәміздері – Әнұран, Ту, Елтаңбамызды белгіледік, шекарамыз айқындалды.

Саяси бостандықтар алумен қатар елімізде белсенді экономикалық реформалар жүргізілді, ұлттық валютамыз – теңге айналымға енгізілді.

Өткен жиырма бес жыл ішінде тәуелсіз Қазақстанды әлемнің 120-дан астам мемлекеті ресми түрде мойындады. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының толық құқылы белсенді мүшесі болып танылды, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық жасап, ғасырлық тарихы бар Еуропа елдеріне төрелік етті.

Еуроодақ, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Халықаралық валюта қоры,  МАГАТЭ, Қызыл жарты ай, ЮНИСЕФ пен ЮНЕСКО сияқты әлемдік беделді ұйымдармен қатынасты нығайтып, 400-ден астам көпжақты және 700-ге жуық екіжақты келісімдерге қол жеткізілді. Елордамыз Астанада өткізілетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі – сол ауқымды жұмыстардың көрнекті нәтижесі.

Елбасының әуелі – экономика, сосын саясат деген ұстанымы арқылы  саяси жүйені, дінаралық татулықты, мәдени-рухани бірлікті, ұлттық инфрақұрылымды конституциялық қағидаттармен ұштастыра бір мақсатқа тоғыстырды.

Елбасының сарабдал саясаты мен халқымыздың уыздай ұйыған бірлігі нәтижесінде еліміз дамудың Қазақстандық жолын жасай алды.

Осы жылдың 28 маусымында Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы Қазақстанның халықаралық беделіне берілген жоғары баға екенін мақтанышпен айта аламыз. Өйткені Қауіпсіздік Кеңесі – халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің басты жауапкершілігін қамтамасыз ету міндеті жүктелген, тұрақты жұмыс істейтін орган. Еліміздің оған мүше болуы – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен еңбегінің мо­йындалуы деген сөз.

Бүгінгі күні бүкіл әлем әскери-саяси жанжалдармен қатар, қауіпсіздікке төнетін қатермен бетпе-бет келіп отыр. Діни бетпердені жамылған радикалды топтар мен олардың имансыз идеологиясы әлемнің әр түкпірінде  қақтығыстар мен қайғылы оқиғалар тудырып, бейбіт халыққа жан түршігерлік зардап салып, саяси босқынға айналуына мәжбүрлеп отыр.

Сондықтан да Қазақстан бүкіл әлемдік қауіпсіздікке қатер төндіретін халықаралық терроризм мен экстремизм әрекеттерін қатаң айыптаумен келеді. Елбасы атап көрсеткендей «Тұрақты әрі қауіпсіз әлем – азаматтарымыз бен келешек ұрпақтарымыз үшін аса қажетті қасиетті құндылық». Осы саясатты ұстанған еліміз Ресей мен Украина, Әзербайжан мен Армения, сондай-ақ Мәскеу мен Анкара арасында түсініспеушіліктер мен текетірестерді бейбіт шешуге белсенді күш салып, аталған елдердің бейбітшілік сүйгіш халықтарының шексіз алғысына ие болды.

Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде құқық қорғау саласында, соның ішінде прокуратура органдарының қызметін жариялы ету бағытында ауқымды шаралар атқарылды.

Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалауда бастапқы іс-шаралардың бірі болды. Қылмыстық істерді тергеу тәртібі оңтайландырылды, құқық қорғаудың бүкіл қызметін үйлестіру қамтамасыз етілді. Құқық қорғау органдары құзыретінің аражігін нақты ажырату және оларды өздеріне тән емес функцияларды орындаудан арылту жүргізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдарының барлық жеке құрамын кезектен тыс аттестаттау жүзеге асырылды.

Осы атқарылған жұмыстар нәтижесінде Елбасының Жарлығымен 2013 жылы «Қазақстан Республикасының құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2014-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бағдарламаның мақсаты – қоғамның құқық қорғау жүйесіне деген сенімін арттыру, сол арқылы құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін арттыру.

2015 жыл 20 мамырдағы Елбасымыздың «Бес институционалды реформасын жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам – Ұлт Жоспарын» жүзеге асыру барысында адамның және азаматтардың конституциялық құқығын  шектейтін тергеу қызметі жөніндегі барлық өкілеттіліктерді тергеу судьясына біртіндеп беруді қамтамасыз ету арқылы сотта айыптаушы және қорғаушы арасындағы теңгерім қамтамасыз етілді.

Сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуы мейлінше қысқартылды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабына сәйкес прокуратура заңдылықтың сақталуына ең жоғарғы қадағалауды жүзеге асырады. Осыған орай қадағалау жүргізудегі басым бағыты – прокуратура органдарының құқық қорғау функцияларын жүзеге асыру, адам мен азаматтың бостандығы мен құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету.

Осы бағытта еліміздің Бас прокуратурасы бірнеше серпінді жобаларды қолға алды. 

«Қылмыстық құқық бұзушылықтың электронды картасы» жасақталып іске қосылды, бұл жоба бойынша еліміздің кел келген тұрғыны өзі тұрып жатқан аймақта қылмыстың қандай түрлері өршіп тұрғанын көріп, одан сақтану шараларын қолдана алады.

Прокуратура органдарының құқық қорғау қызметін жүзеге асыратын «Прокурордың 100 кеңесі» жобасының мобилдік қосымшасы жасалып, кез келген смартфон тұтынушы еркін пайдаланатын болады. Жобада күнделікті өмірде жиі кездесетін 30 тақырып бойынша құқықтық сұрақтар бойынша кеңестер берілген.

Осындай серпінді жобалар ішінде облыс жұртшылығына, қала берді республика аумағына танымал болған қыркүйектің 29-ы мен қазанның 28-і аралығында облыс аумағында өткізілген «Халықты қауіпсіздікпен қамтамасыз ету» жобасы халықтың қызу қолдауына ие болды.

Жаңа форматта жұмыс істеген жобаға қатысушылар облыстың 145 мың тұрғынын қамтыған көп салалы шараларын жүргізді. Халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына жұмысқа қалай тұру, бизнесті дамыту үшін несие алу, субсидия алу, жәрдемақы алу, медициналық көмек алу тәртіптері түсіндірілді. Ата бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрмен қабысып жатқан дәстүрлі діннен адасып жүргендермен кездесулер өткізіліп, теріс діни ағымдардан сақтану жолдары көрсетілді.

Осындай жобалар облыстық прокуратура тарапынан да жасалып, «Арыз-шағым – жұртшылықтың пікірі», «Прокуратура – ауылдың дамуы үшін», «Қауіпсіз орта – қоғамның гүлденуінің кепілі» жобалары жүзеге асырылуда. «Кедергісіз кәсіпкерлік» жобасы жүзеге асырылып, жүздеген кәсіпкерлердің құқықтары қорғалып, олардың кәсіптерінің кедергісіз алға басуына жағдай жасалды.

Прокуратура органдарына білікті мамандар дайындау мақсатында дайындалған «Прокурор студенттік кезден» жобасы арқылы прокуратура органына жұмысқа қабылдау тәртібіндегі жариялылыққа қоғамның сенімі арттырылатын болады.

Тәуелсіздіктің тарихын жазып шығу шағын мақалаға сыймайтыны анық, бірақ тәуелсіздіктің бізге не бергендігін саралау еліміздің әрбір азаматының парызы деп білемін.  

Тәуелсіздіктің тірегі – Елбасы, тұғыры – халық. Қазіргі экономикалық дағдарыстың жаңа кезеңінде Қазақстанды сүріндірмей, адастырмай алып жүрер тұлға – Елбасы, оның сарабдал саясаты.

 

Ақтөбе облысы

прокурорының көмекшісі  А.Нұрғалиев 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу